Цистит — бұл қуықтың шырышты қабығында болатын қабыну процесі. Көп жағдайда оның табиғаты инфекциялық болып келеді: бактериялар, вирустар немесе саңырауқұлақтар ағзаның қуысына еніп, қабынуды тудырады.

Бұл патология урологияда ең жиі кездесетіндердің бірі болып саналады. Статистикаға сүйенсек, әйелдердің шамамен үштен бірі өмірінде кем дегенде бір рет циститтің белгілерін бастан өткерген. Ерлерде ауру әлдеқайда сирек кездеседі, бірақ олардың көбінде цистит басқа урологиялық аурулардың салдарынан дамиды.

Әсіресе әйелдер қауымы осы ауруға бейім келеді. Бұл олардың физиологиялық ерекшеліктерімен байланысты: несеп шығару каналының қысқалығы және оның қынап пен тік ішекке жақын орналасуы. Балаларда цистит көбіне 4–12 жас аралығында анықталады, жасөспірімдерде сирек кездеседі, бірақ гормондық өзгерістер мен иммунитеттің төмендеуі кезінде болуы мүмкін.

Сонымен цистит дегеніміз не деген сұраққа жауап берер болсақ: бұл қуықтың шырышты қабатын зақымдайтын патология, ал оны уақытында емдемесе, асқынуларға және өмір сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Циститтің себептері

Цистит неден пайда болуы мүмкін? Ең жиі кездесетін жолы бактериялардың сырттан немесе тік ішектен уретра арқылы қуыққа енуі. Негізгі қоздырғыш — ішек таяқшасы (E.coli), бірақ басқа микроағзалар да себеп болуы мүмкін.

Негізгі жұғу жолдары:

  • өрлемелі — тік ішектен немесе қынаптан;
  • төмендейтін — бүйрек қабынған кезде (пиелонефрит) инфекция несепағар арқылы қуыққа түсуі мүмкін;
  • гематогенді немесе лимфогенді — микроағзалардың қан немесе лимфа ағынымен басқа ошақтардан келуі.

Аурудың тез және жедел өтуіне ықпал ететін қауіп факторлары:

  • суықтап қалу;
  • иммунитеттің әлсіреуі;
  • интимдік гигиенаны сақтамау;
  • қорғаныссыз жиі жыныстық қатынас;
  • агрессивті гигиеналық құралдарды пайдалану;
  • тар синтетикалық іш киім кию.

Ерлерде цистит көбіне простатит немесе уретрит аясында дамиды. Балаларда — иммундық жүйенің толық жетілмеуіне және дұрыс гигиенаның сақталмауына байланысты (мысалы, қыз бала артынан алға қарай жуынған кезде).

Циститтің жіктелуі

Дәрігерлерге анықтауға ыңғайлы болу үшін аурудың бірнеше түрін ажыратады:

  1. Ағымына қарай:
  • жедел цистит — кенеттен дамиды, айқын белгілермен жүреді, көбіне суықтап қалу немесе ағзаның қорғаныс күшінің төмендеуімен байланысты;
  • созылмалы — ұзақ уақыт бойы жалғасады, жылына бірнеше рет асқынады, ол көбіне асқыну ретінде, жедел түрін толық емдемегенде немесе несеп шығару жолдарының басқа аурулары аясында дамиды.
  1. Пайда болу себебіне қарай:
  • инфекциялық (бактериялық, вирустық, саңырауқұлақтық);
  • химиялық (тітіркендіргіш заттардың түсуінен);
  • аллергиялық;
  • жарақаттан кейінгі.

Циститтің белгілері

Циститтің негізгі белгісі — жиі әрі аз мөлшерде, ауырсынумен жүретін несеп шығару. Бірақ клиникалық көрініс басқа белгілерді де қамтиды:

  • несеп шығарғанда шаншу, жану сезімі;
  • іштің төменгі бөлігіндегі ауырсыну немесе қысым сезімі;
  • жиі шақырулар (оның ішінде жалған да);
  • несепте қан болуы (көбіне акттың соңында), лайлануы, өзгеше иіс шығуы;
  • жалпы әлсіздік, кейде дене қызуының көтерілуі.

Белгілердің ерекшеліктері

  • Әйелдерде белгілері айқынырақ, көбіне етеккірден кейін немесе жыныстық қатынастан соң пайда болуы мүмкін.
  • Ерлерде симптомдар жеңілірек көрінеді, бірақ жиі простатит белгілерімен қатар жүреді.
  • Балаларда ауру жалпы әлсіздік түрінде байқалуы мүмкін: бала ішінің ауырсынуына шағымданады, мазасыз, қыңыр болып кетеді, дене қызуы көтеріледі.

Мүмкін болатын асқынулар

Егер патологияны емдемесе, қабыну жоғары өтіп — бүйрекке таралып, пиелонефритке әкелуі мүмкін. Аурудың ұзаққа созылуы созылмалы қабынуға, қуықтың қызметінің бұзылуына және өмір сапасының төмендеуіне соқтырады.

цистит - ауыру

Циститті емдеу және алдын алу

Цистит кезінде қандай дәрі қабылдау керегін тек нақты диагноз қойылғаннан кейін дәрігер ғана тағайындай алады. Өзін-өзі емдеу, әсіресе антибиотиктерді бақылаусыз қолдану жол берілмейтін нәрсе.

Диагностикаға кіреді:

  • жалпы зәр анализі;
  • бактериологиялық себінді;
  • қажет болғанда — бүйрек пен қуықтың УДЗ.

Цистит кезінде не көмектеседі:

  • антибактреиялық препараттар (қоздырғыштың антибиотикке сезімталдығына қарай таңдалады);
  • ауырсынуды басу үшін түйілуге қарсы препараттар;
  • қабынуға қарсы препараттар;
  • фитопрепараттар.

Өсімдік текті препарат цистит кезінде қабынуды азайтуға, сұйықтықтың шығарылуын ынталандыруға, қайталану қаупін төмендетуге көмектеседі. Ол негізгі терапияға қосымша ретінде қолданылады және алдын алу мақсатында курспен тағайындалуы мүмкін.

Дәрілерден бөлек не көмектеседі:

  • көп сұйықтық ішу (бактерияларды «шаю» үшін);
  • ащы және қышқыл тағамдарды шектейтін диета;
  • алкогольден бас тарту;
  • жылы жылытқыш немесе отыратын ванналар (тек дәрігермен кеңескеннен кейін);
  • аурудың жедел кезеңінде тыныштық

Циститтің алдын алу:

  • шыдап жүрмей уақытылы дәретханаға бару;
  • жеткілікті сұйықтық ішу;
  • сыртқы жыныс мүшелерінің гигиенасын сақтау;
  • тар синтетикалық іш киім кимеу;
  • арқаның төменгі аймағының және тұтастай ағзаның суықтап қалуына жол бермеу;
  • егер несеп-жыныс жүйесінің созылмалы аурулары болса — оларды уақытылы емдеу.

Сонымен қатар, иммунитетті күшейту, теңгерімді тамақтану және қалыпты деңгейде дене белсенділігін сақтау маңызды.

Белгілерді ерте анықтау, асқынулардың алдын алу және өмір сапасын жақсарту үшін медициналық көмекке жүгіну маңызды. Есіңізде болсын, кез келген цистит емдеуді және дәрігермен кеңесуді қажет етеді!

Сұрақтар мен жауаптар

Негізгі белгі — жиі әрі ауырсынумен несеп шығаруға шақыру. Бұған қоса, іштің төменгі бөлігіндегі ауырсыну, зәрдің лайлануы және жағымсыз иісінің пайда болуы да ескерту белгісі болуы тиіс.

Ауру көбіне қуыққа өрлемелі жолмен енген инфекциядан дамиды. Бұған суықтап қалу, иммунитеттің төмендеуі және гигиенаны сақтамау ықпал етеді.

Несеп шығару шақыруларына шыдауға, өздігінен антибиотик қабылдауға және сұйықтықты шектеуге болмайды. Бұл қателіктер асқыну қаупін арттырады және аурудың созылмалы түрге өтуіне әкелуі мүмкін.

Дұрыс таңдалған терапия кезінде аурудың жедел түрі шамамен бір апта ішінде өтеді. Бірақ емдеу курсын дәрігер ғана тағайындауы тиіс, ал схеманы өз бетінше өзгертуге немесе үзуге болмайды.

Әдетте жалпы зәр талдауы және бактериологиялық себінді жасалады. Күрделі жағдайларда қуық пен бүйректің УДЗ-і тағайындалуы мүмкін.

Жылы ванналар белгілерді жеңілдетуі мүмкін, бірақ оларды тек дәрігердің кеңесінен кейін қолдануға болады. Егер несепте қан болса, мұндай процедураларға қатаң тыйым салынады.

Көбірек мақалалар

Loading...
Loading...
Loading...

Әдебиеттер тізімі

  • Урология Н.А. Лопаткин, 7-ші басылым, Мәскеу 2011 ж