
Несеп шығару жүйесіне қалай күтім жасау керек?
Несеп шығару жүйесі — не үшін қажет
Несеп шығару жүйесі маңызды қызмет атқарады: су - электролиттік тепе-теңдікті реттейді, гомеостазды сақтайды және ағзадан зат алмасу өнімдерін, токсиндер мен артық тұздарды шығарады.
Ол бүйректерден, несепағарлардан, қуықтан және уретрадан тұрады.
Бүйректер қанды сүзгіден өткізіп, несеп түзеді, ол несепағарлар арқылы қуыққа түседі, содан соң уретра арқылы сыртқа шығарылады. Бұл процесс қан қысымын, қышқыл-сілтілік тепе-теңдікті және жалпы жағдайды сақтауға әсер етеді.
Несеп шығару жүйесінің кең тараған аурулары
Өзінің маңызды қызметіне қарамастан, несеп шығару жүйесі әртүрлі ауруларға бейім. Ең жиі кездесетіні — несеп шығару жолдарының инфекциясы (НШЖИ), немесе цистит.
Бұл көбінесе әйелдерде кездеседі және несеп шығару кезінде күйдіру және ауырсыну, жиі несеп шығару, қызудың көтерілуі белгілермен көрініс береді.
Басқа жиі кездесетін мәселелер
- Бүйректегі тастар, несепте тұздардың шамадан тыс болуынан пайда болады;
- Созылмалы бүйрек аурулары, соның ішінде бүйрек жеткіліксіздігі;
- Қуық пен несепағарлардың қабыну аурулары.
Ауыр жағдайларда бүйрек қызметінің бұзылуы диализ немесе трансплантацияның қажеттілігіне әкелуі мүмкін.

Қалай мәселелердің алдын алуға болады: несеп шығару жүйесіне күтім жасауға арналған кеңестер
Тұрақты күтім мен алдын алу шаралары несеп шығару жүйесінің саулығын сақтауға көмектеседі. Міне, бірнеше қарапайым, бірақ тиімді кеңестер:
- Көбірек сұйықтық ішіңіз. Бұл тас түзілуі мен инфекциялардың алдын алады.
- Жеке гигиенаны сақтаңыз. Шырышты қабықты тітіркендірмеу үшін хош иістендірілген немесе тым агрессивті заттарды қолданбаңыз.
- Уақытылы несеп шығаруды ұмытпаңыз. Қуықты уақытында босату бактериялардың көбеюін болдырмайды.
- Тітіркендіретін тағамдар мен сусындарды азайтыңыз — алкоголь, кофеин, тым ащы және тұзды тағамдар.
- Профилактикалық тексерістерден өтіп тұрыңыз. Жалпы несеп талдауы өзгерістерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

Несеп шығару жолдарының жеңіл инфекциясы кезінде не істеу керек
Тіпті алдын алу шараларын сақтағанның өзінде, инфекциялар пайда болуы мүмкін. Асқынусыз несеп шығару жолдарының инфекциясы кезінде ауруды ерте кезеңде емдеуді бастау өте маңызды, бұл асқынудың алдын алуға көмектеседі.
Антибактериялық препараттармен қатар, соңғы жылдары табиғи өсімдік негізіндегі құралдар да жиі қолданылады. Олар жұмсақ әсер етеді, қабынуға қарсы қасиетке ие, ауырсынуды азайтады және бактерияларды ағзадан шығарып, инфекцияның көзін жояды.
Мұндай құралдар несеп шығару жолдарының жеңіл және орташа дәрежедегі инфекцияларында антибиотиктерге балама бола алады. Олардың артықшылықтары айқын:
- жанама әсерлері аз;
- бактериялардың антибиотикке төзімділігінің дамуына жол бермейді;
- табиғи микрофлораны сақтайды.
Антибиотиктерге төзімділік өсіп келе жатқан уақытта, табиғи емдік тәсілдерді қолдану несеп шығару жүйесінің саулығын қолдаудың барған сайын өзекті жолына айналуда.
Бастысы
Несеп шығару жүйесі — бұл ағзаның табиғи сүзгісі, оның дұрыс жұмыс істеуі жалпы денсаулыққа тікелей әсер етеді. Оған күтім жасау — бір реттік шара емес, күнделікті әдетке айналуы керек.
Судың тепе – теңдігін қолдаңыз, жеке гигиенаны сақтаңыз және мазалайтын белгілерге назар аударыңыз — сонда ағзаңыз сізге жеңілдік пен тұрақты жұмыс арқылы жауап береді.
Қолданылған әдебиет тізімі:
- Оқулық «Урология» (П. В. Глыбочко мен Ю. Г. Аляев редакциялаған нұсқаулық, иллюстрацияланған нұсқаулық)
- Клиникалық хаттамалар ҚР - 2017 (Қазақстан)
