
Суық мезгілде несеп шығару жолдары инфекцияларының(НШЖИ) алдын алу және емдеу
Күз бен қыста ауа температурасы төмендеген кезде түрлі инфекциялардың даму қаупі артады. Бұл жағдай несеп шығару жолдарының инфекцияларына да қатысты. Бүгін біз осы мәселенің алдын алу жолдарын және инфекция пайда болғанда не істеу керектігін қарастырамыз.
Несеп шығару жолдарының инфекциясы дегеніміз не?
Несеп шығару жолдарының инфекциясы — кең таралған ауру, көбіне ол қуықтың қабынуы (цистит) түрінде кездеседі. Оның негізгі себебі бактериялық инфекция болып табылады, ал ең жиі кездесетін қоздырушы E. coli (ішек таяқшасы), ол асқорыту жолының соңғы бөлігінен несеп шығару арнасына өтіп кетеді.
НШЖИ белгілеріне несеп шығару кезіндегі ауырсыну және ашыту сезімі, жиі несеп шығаруға деген ұмтылыс және іштің төменгі бөлігінің ауыруы кіруі мүмкін. Сондай-ақ, дене қызуы көтерілуі мүмкін.
Бұл көбінесе жеңіл өтетін ауру болса да, белгілері өте жағымсыз және дер кезінде емдеуді қажет етеді. Емделмеген цистит ауыр асқынуларға, мысалы, пиелонефритке әкелуі мүмкін.
Неге несеп шығару жолдарының инфекциялары суық мезгілде жиі кездеседі?
Суық мезгілде НШЖИ-ның даму қаупін арттыратын бірнеше факторлар бар:
- Ең алдымен, суық ауаның әсері ағзаның иммундық жүйесін әлсіретіп, оны инфекцияларға бейім етеді.
- Суық әрі ылғалды ауа райы киімнің, соның ішінде іш киімнің де ылғал тартуына себеп болады, бұл сыртқы жыныс ағзалары аймағында бактериялардың көбеюіне қолайлы жағдай жасайды.
- Қыста көп адамдар сирек дәретханаға барады, себебі суық ауа райында дәретханаға шыққысы келмейді. Ал толған қуық бактериялардың көбеюіне қолайлы орта тудырады.
- Арқа мен бүйрек тұсының ұзақ уақыт салқындауы жергілікті қан айналымын төмендетіп, иммунитетті әлсіретеді, бұл да инфекцияға жол ашады.
Суық мезгілде НШЖИ-нан қалай қорғануға болады?
Бақытымызға орай, суық уақытта несеп шығару жолдары инфекциясының қаупін төмендетуге көмектесетін бірнеше қарапайым ұсыныстар бар:
Ауа райына сай киініңіз. Жылы киім арқаның төменгі бөлігі мен жамбас аймағын қорғауы керек. Іш киім табиғи материалдан, мысалы мақтадан болғаны жөн.
Жамбас аймағының суықтап қалуынан және киімнің сулануынан сақтаныңыз, себебі бұл иммунитетті әлсіретіп, инфекция қаупін арттырады.
Жылдың қай мезгілі болмасын, даладағы температураға қарамастан қуықты уақытылы босатыңыз. Қуықта несептің ұзақ жиналып қалуына жол бермеңіз, бұл бактериялардың көбеюіне жағдай жасайды.
Сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішіңіз — бұл несеп шығару жолдарынан бактерияларды «шаюға» көмектеседі.
Жеке гигиенаны сақтаңыз, әсіресе интим аймағында.
Қуық инфекциясы басталып кетсе не істеу керек?
Егер циститтің алғашқы белгілерін байқасаңыз, жағымсыз белгілерді азайту және асқынулардың алдын алу үшін емді мүмкіндігінше ертерек бастаған дұрыс.
Не істеу керек:
- Өзіңізге жеткілікті демалыс жариялаңыз.
- Көп сұйықтық ішіңіз және уақытылы несеп шығарыңыз.
- Ауырсынуды басатын және қосымша препараттарды қолдануға болады.
- Іштің төменгі жағына жылы компресс қою ауырсыну мен түйілуді азайтады, бірақ денені қатты қыздырудан аулақ болыңыз.
- Егер инфекция бактериалды болса, дәрігер антибиотиктер тағайындай алады, бұл НШЖИ емдеудің ең кең тараған әдісі.
Сонымен қатар, келесі дәрілік шөптерден тұратын өсімдік тектес құралдарды да қолдануға болады:
- толғақшөп шөбі,
- сүйментамыр тамыры,
- гүлшетен жапырақтары.
Бұл шөптердің құрамындағы белсенді заттарының арқасында препарат:
- ауырсыну мен ашыту сезімін азайтады,
- несеп шығаруды жеңілдетеді,
- инфекцияның қайталануын азайтады.
Табиғи компоненттер кең фармакологиялық: қабынуға қарсы, ауырсынуды басатын, түйілуді басатын, бактериялардың жабысуын төмендететін әсерлерге ие және олар қуықтан бактериялардың шығуына көмектеседі.
Алайда есіңізде болсын: егер емдеу барысында белгілер сақталса немесе күшейсе міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз, себебі бұл ауыр асқынулардың белгісі болуы мүмкін.
Қолданылған әдебиет тізімі:
